Түркістандық іскер әйелдер қайырымдылық жобасын қолдады
Түркістан облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері әркез қайырымдылық шараларында атсалысып келеді. Атап айтсақ, Абай облысына қарасты «Семей орманы» алқабында орын алған төтенше жағдайға байланысты қауымдастық мүшелері тарапынан 173 333 теңге жиналып, қорға аударылды.
Іскер әйелдердің кәсіптік бағытын дамыту аясында қаламызға келетін қонақтарды қауымдастықтың мүшелерімен таныстыру үрдіске айналған. Осы мақсатта Түркиялық Ясауитанушы Доктор Сонмез Фатмамен кездесу өтті. Басқосуда Түркістанды туристік қалаға айналдыру аясында бірқатар жоспарлар, Түркия мен Түркістанның достық қарым-қатынасын нығайту талқыланды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясы аясында іскер әйелдер қаржы жинап, 25 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтар алып, үлестерін қосты. Акцияға қатысқан ата-аналар қауымдастық құрамына алғыстарын білдірді.
Одан бөлек Алматы қаласында өткен V Еуразиялық Саммитке Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығы атынан 15 кәсіпкер ханымдар қатысып, екі күндік шарадан мол тәжірибе жинап қайтты.
Жыл сайын өтетін «Қайырымдылық керуені VІ» Республикалық байқауын өткізу бойынша Алатау медиа орталығында ақпарат өкілдеріне арналған брифинг өтіп, байқаудың ережелері мен шарттары түсіндірілді.
Қауымдастық құрамы өздерін әр салада белсенді түрде көрсету бағытында Түркістанда орналасқан №3 облыстық перениталды орталыққа барып, ауласына 40 дана шырша ағашы мен 50 дана хризантема көпжылдық гүлдерін отырғызды. Іскер әйелдердер тарапынан жиналған қаражатқа алынған ағаштарды егуге орталықтың ұжымы да атсалысты. Араға уақыт салып, Қазақстанның статистикалық санағы бойынша осы орталықта 20 миллионыншы туылған сәбилердің аналарын қауымдастық мүшелері құттықтап барды.