Кентау көркейе түсуде
Кентау еліміздегі моноқалалардың бірі. Кезінде өндіріс ошақтары дүркіреген қала қазір қайта түлеп, жаңара түсуде. Айталық, жақында тозығы жеткен және аялдама қажет ететін орындарға 20 жаңа аялдама орнатылды. Бүгінде Шұғыла мөлтек ауданына 10 және қаланың орталық аумақтарына 10 жаңа аялдама орналастырылып, қолданысқа берілді.
Сондай-ақ, шаһардағы орталық көшелердегі жол таңбалау жұмыстары жүруде. Атап айтқанда мердігер мекемемен келісім шарт түзіліп, қаладағы Қ.А.Ясауи, Әл-Фараби, Абай, Ш.Уалиханов, Панфилов, Б.Момышұлы, Төлеби көшелеріндегі жаяу жүргіншілер өткеліндегі және білім беру ұйымдары алдындағы автотұрақтарға жол таңбалары сызылды.
Сонымен қатар, қала көшелеріндегі бояуы көшкен 39 дана жаңа жол белгілерін орнату және 150 дана жол белгілерін сырлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта қосымша жол белгілерін жаңарту жұмыстары жалғасын табады.
Қала әкімі Жандос Тасовтың айтуынша, биыл өңірде шаһардың өркендеуіне септігін тигізер бірқатар жоба қолға алынуда. Солардың бірі ретінде биыл «АйдарСтройГрупп» ЖШС-і модульдік контейнерлер жасау зауытының іске қосылатынын және «Каз Ойл Энерджи» ЖШС-і қалдықтарды қайта өңдеуді қолға алғалы отырғанын айтуға болады. Егер қос жоба сәтімен жүзеге асса, 1500-ден аса кентаулық жұмыспен қамтылады. Бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік—экономикалық көрсеткішіне өз септігін тигізетіні сөзсіз.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 97 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүзеге асса, 194 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Өткен жылы аталған жоба аясында 491,6 млн. теңгеге 92 жоба қаржыландырылды.