Түркістан облысында банк менеджері алаяқтық жолмен 47 адамның атынан несие рәсімдеген
Оқиға Қазығұрт ауданында болды. Банкте қызмет атқарған 31 жастағы күдікті 47 адамның атынан несие рәсімдеп, жәбірленушілерге 21 миллион теңге шығын келтірген. Банк қызметін тұтынушылардың құжаттарын пайдаланып, әр адамның атынан 70 000 теңге мен 1 миллион теңге аралығында ақша алып отырған.
«Аталған фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Қылмысты тез арада ашып, күдіктіні анықтау мақсатында полицейлерден арнайы топ құрылып, жедел іздеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді. Қазіргі таңда ер адам қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр» — делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.