Ұлттық құрылтай — идеологияның жаңа жалпыұлттық күн тәртібін белгілеп берді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында көптеген мәселелерді айтып, тың бастамаларды жүзеге асыру жолдарын ұсынған болатын. Бүгінде аталған бастамаларды жүзеге асыру жөніндегі жоспар қабылданды.
Онда қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғыртуда негізгі діңгек болатын бағыттар, яғни білім, ғылым және мәдениет салалары бойынша нақты іс-шаралар мен жобалар қарастырылған.
Атап айтқанда, «Балалар кітапханасы» бағдарламасын іске асыру, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту, өскелең ұрпақты рухани тұрғыдан дамыту, отандық әдебиет пен кітап шығару ісін өркендету, Археология институтын жаңғырту, Қазақстан тарихына арналған академиялық көптомдықты жарыққа шығару, балалар мен жасөспірімдер және еріктілер ұйымдарының қызметін жетілдіру жөніндегі жобалар бар. Сондай-ақ, жастар арасында құмар ойындар мен есірткінің таралуының алдын алу, оған қарсы жүйелі күрес жүргізу және тағы басқа бастамалар жөніндегі шаралар қарастырылған.
Жалпы, Президенттің Түркістанда сөйлеген сөзі ұзақ мерзімді перспективаға арналған және идеологиялық жаңа жалпыұлттық күн тәртібін белгілеп берді. Ендігі жрде бұл бағытта жүзеге асатын жұмыстарға ел болып бірігіп, жұрт болып жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Сонда ғана іс нәтижелі болары анық.