Әжелер бірлікке тәрбиелейді
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген екен. Ұрпағымыз осындай көзі көр болмауы үшін, көпті көрген ата-әженің өнегелі тәрбиесінің мәні зор.
Бүгінде облыста әр аудан мен қалада әжелер алқасы жұмыс істейді. Ақ жаулықты аналар ұлт тәрбиесімен, қыз баланың ғана емес, ұлдың да тәрбиесімен айналысады. Сайрам ауданындағы әжелер алқасының төрайымы Әлия Шалабаева өңірдегі әжелер алқасының ұлт ертеңінің тұтқасын тәрбиелеумен ғана емес, аудан аумағында өткізілетін мәдени шараларды ұйымдастыруға да белсенді түрде араласатынын жеткізді.
— Біздің негізгі міндетіміз – ұрпақ тәрбиелеу. Сайрам ауданында 40-тан астам ұлт пен ұлыстың өкілі тұрады. Өңіріміз облыстағы көпұлтты аудандардың біріне жатады. Сондықтан, бізге қоғамды ауызбірлікке, ынтымаққа үндеу міндеті де жүктеледі. Әрине, өскелең жастардың тәрбиесі мен отбасылық құндылықтар біз үшін басты орында. Ұл мен қызға тәрбие беруге әжелердің, аналардың рөлі орасан зор. Біз осы міндетімізбен бірге тұрғындарды ұлтаралық татулыққа, ауызбіршілікке шақыруды қатар атқарамыз, — дейді Әлия Қуатбекқызы.
Әлия Шалабаева 1952 жылы дүниеге келген. Кейіпкеріміз 40 жыл мектепте оқушыларға дәріс берген ұлағатты ұстаз. КСРО халық ағарту ісінің үздігі төсбелгісінің, Ы. Алтынсарин медалінің, «Еңбек даңқы» орденінің иегері. 1 ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде осы перзенттерінен 11 немере сүйіп отырған ардақты ана.
Сананы тұрмыс билеп бара жатқан мына заманда жастардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіруде әжелер алқасы керек екені сөзсіз. Ауданда ата мен әже тағылымын тереңдету, тәліміне тәнті ету мақсатында көптеген шаралар атқарылып келеді. Солардың бірі ретінде жақында ғана аудан орталығындағы Қ. Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде «Босаға майлау» атты тақырыпта ұйымдастырылған шараны айтуға болады.
Әлия Қуатбекқызы бұл іс-шараның облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының Әжелер алқасының 10 жылдығына орай атқарылатын іс-шаралар туралы қаулысымен бекітілген «Әже – ұлт ұйытқысы» форумының жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылып отырғанын айтады. «Босаға майлау» атты тақырыпта ұйымдастырылған шараға жиналғандар алдымен ұлттық салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды көрсететін көрмені тамашалап, қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің өнеріне тәнті болды. Жиынға аудан әкімі Арман Сәбитов, облыстық әжелер алқасының төрайымы Ф. Тілеубердиева, аудандық мәслихат пен «Аманат» партиясы аудандық филиалының өкілдері қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, аудандағы әжелер алқасының белсенді мүшелеріне «Алғыс хаттар» мен сый-сияпаттар табыстады.
Мұнан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілес Айтжан мен аудандық әжелер алқасының төрайымы Ә. Шалабаева асыл әжелерді мерейтойларымен құттықтап, белсенді әжелерге «Алғыс хаттар» мен сый-сияпаттар табыс етті.
Өнерлі әжелер бекітілген бағдарламаға сәйкес «Босаға майлау» атты ұлттық салт-дәстүрге байланысты алдын ала дайындаған сахналық көріністерін көрсетті. Сондай-ақ, шара барысында әжелер алқасы «Сәлем салу», «Шашу шашу», «Қолға су құю», «Бата беру», «Үйге көрімдік беру», «Босағаға тұмар ілу», «Саба сарқылмасын», «Етек бүру», «Қазан шегелеу», «Құрсақ шашу», «Ана жабу» секілді бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрлердің де қалай орындалатынын көрсетіп берді.
Жалпы айтайын дегеніміз, аудандағы әжелер алқасының жұмысы ауқымды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, олар ұрпақ тәрбиесімен қатар аудандағы ұлтаралық татулықты сақтауға да өз үлестерін қосады. Осы мақсаттарда ауданға қарасты 11 ауыл округіндегі тұрғындармен, жастармен және мектеп оқушыларымен кездесіп келеді.
Әлия Қуатбекқызы бүгінде қоғам өміріне белсене араласып жүрген аудандық әжелер алқасы мүшелерінің өнегелі отбасын құрып, білімді ұл-қыз тәрбиелеген ардақты аналар екенін айтады. Оларды облыстық әжелер алқасының басшылығымен жүзеге асатын жобалардың жергілікті жердегі демеушісі деуге де болады. Келешек ұрпаққа ұлттық педагогика негіздерін сіңіре отырып, тілін, дінін, салт-дәстүрін, елін-жерін сүйетін азаматтар тәрбиелеуге, аудандағы үлгілі отбасы және өнегелі азаматтардың жарқын істерін бүгінгі ұрпаққа үлгі етуге атсалысып жүрген әжелерге қажымас қайрат, ұзақ өмір тілейміз.