Сайрамдағы этнос жастары Абайдың өлеңдерін жатқа оқиды
Дана халқымыз «Күш – бірлікте» деп тектен-текке айтпаса керек. Байтақ елімізде өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің ауызбіршілігі мен татулығының арқасында бүгінде мемлекетіміз ілгері басып, қарыштап дамып келеді. Жалпы бірлік пен тыныштықтың қадірін небір қиын-қыстау заманды басынан өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар да жақсы біледі. Бұл олар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің нәтижесінде бүгінде қазақстандықтар бейбіт өмір сүріп жатыр деуге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан:бірлік, тұрақтылық, даму» атты кезекті сессиясында: «Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек» деген болатын.
Түркістан облысы республикада халық ең тығыз қоныстанған өңірге жатады. Бүгінде өңірімізде 50-ге жуық этностың өкілі ынтымақта өмір сүріп келеді. Соның 40-ы көпұлтты аудан саналатын Сайрамда тіршілік етуде. Олардың 62934-і қазақ, 4483-і орыс, 165182-і өзбек, 1355-і әзірбайжан, 46-ы тәжік, 370-і татар, 3527-і түрік, 359-ы кәріз, 305-і украин, 1346-ы күрді, 87-і неміс, 13-і ұйғыр, біреуі шешен, жетеуі қырғыз ұлтының өкілі. Олар өңірдің өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлестері сүбелі. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына, құндылықтарына құрметпен қарайды. Татулығы мен ынтымағына, сыйластығына сызат түскен емес. Әрқашан да бір-бірімен берік қарым-қатынас орнатып, бейбіт еліміздің берекесін айрандай ұйытып отыр. Мұның бәрі әрине мемлекетімізде жүргізіліп жатқан сарабдал саясаттың жемісі деуге болады.
Өңірдегі халық арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, татулықты сақтау мақсатында 11 облыстық, 2 қалалық, 5 аудандық және 1 ауылдық этномәдени бірлестік жұмыс атқарады. Атап айтқанда, өзбек, славян, түрік, күрді, иран, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, әзербайжан, грек және «Ынтымақ» этномәдени бірлестіктері өңірімізде өткізілетін мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, өңірдің дамуына өз үлестерін қосуда. Соның ішінде күрді этно мәдени бірлестіктердің орны ерекше. Бұл туралы бізге аудандағы күрді этномәдени бірлестігінің төрайымы Надирова Гүлизар Жүсіпқызы айтып берді.
Гүлизар Жүсіпқызы 1968 жылы 29 мамырда Жамбыл облысы Сары су ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда ол аудандағы М. Горкий атындағы жалпы орта мектепте 35 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушыларға дәріс беріп келеді.
— Сайрам ауданындағы күрді этномәдени бірлестігінің 30-дан астам мүшесі өңірде өткізілетін мерекелік, қоғамдық іс-шараларға белсенді түрде қатысып, ауданның дамуына өз үлестерін қосуда. Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан, оқушыларымды қазақ халқының көркем әдебиетімен сусындатуға ерекше көңіл бөлемін. Менің үздік оқитын оқушыларым Абай оқуларына қатысып, жүлделі орындарды алып, қуантуда. Мұның барлығы өзге ұлт өкілдерінің балаларына кішкентайынан тілге деген құрметті үйретіп жатқанымыздың жемісі деп білемін.
Шәкірттерім тілдер мерекесіне де жылда ерекше дайындықпен келеді. Жалпы күрді халқының өкілдері де өзгелер секілді аудан, облыс аумағында кең көлемде ұйымдастырылатын мерекелік, қоғамдық шараларда өздерінің ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тағамдарын әзірлеп келеді. Көптеген көрмелерден біздің қолымыздан шыққан тәттілер жайлы жылы пікірлер айтылады. Бұл бізді шексіз қуантады.
Сайрам ауданында күрді этномәдени бірлестіктің құрылғанына 15 жылдай уақыт болды. Күрділер негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Дегенмен, бүгінгі өскелең жастардың басқа салаларда да жемісті еңбек етіп жатқанын көруге болады. Аудан орталығындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы мәдениет үйінен күрді этно мәдени бірлестік өкілдеріне бір бөлме берілген. Біз сонда түрлі мерекелерге дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Ойласамыз, пікірлесеміз. Аталмыш мәдениет үйінде біздің ұлттық киімдеріміз де сақталған. Соларды киіп ұлттық әндерімізді айтып, билерімізді билейміз. Еліміздегі ұлттар мен ұлыстарға осындай жағдай жасап отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтар алғысым шексіз, — дейді Гүлизар Жүсіпқызы.
Гүлизар Жүсіпқызының биыл облыста 1 мамыр – Халықтар Достығы күні мерекесінде тамаша көрме ұйымдастырғаны үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, кейіпкеріміз ҚР Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойында да бірнеше аталымдар бойынша Мақтау қағаздары мен Алғыс хаттарға ие болды. Жалпы Гүлизар Жүсіпқызында мұндай марапаттар өте көп.
Айта кетейік, бүгінде этномәдени бірлестіктер Ассамблеяның жергілікті, облыстық немесе республикалық этномәдени бірлестіктері ретінде жұмыс істеуде. Жоғарыда айтып өткеніміздей, еліміздегі әрбір этномәдени бірлестіктің еркін жұмыс істеп, қолға алған игі бастамаларын жүзеге асыруына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған.
Бүгінде мемлекетімізде Еуразия континентіндегі барлық этностардың өкілдері өмір сүреді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1920 жылы Қазақстанда 30 этнос өкілі тұрған болса, 1970 жылғы халық санағы бойынша олардың саны 114-ке жеткен. Ал 1986 жылы — 120. 1999 жылы Тәуелсіз Қазақстандағы санақ бойынша елде 130-ға жуық этнос өкілінің мекен ететіні анықталған. Дәл қазір олардың саны – 140.
ҚР «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңы ұлттық мәдени орталықтардың қызметін жақсартуға айтарлықтай ықпал етті. Бұрынғы «ұлттық мәдени орталықтар» атауы «этномәдени бірлестіктер» деп өзгертілген соң Ассамблея аясындағы этномәдени бірлестіктердің жұмысының мақсатын айқындалды. Олар қазақстандық патриотизмге негізделген бірегейлік пен бәсекеге қабілетті ұлт және қазақстандық азаматтықтың қалыптасу процесінде республикадағы ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған шараларды атқаратын болды.
Аталған заң қабылданғаннан кейін республика аумағында 450 аймақтық этно мәдени бірлестік құрылды. 2010 жылға қарай бірлестіктер саны 800-ге жетсе, бүгінде елде 960-тан астам бірлестік жұмыс атқаруда. Олар этносаралық қатынастар саласында пайда болған проблемаларға дер кезінде жауап беруге мүмкіндік береді.