Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болғандар көбейген

Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болушылар көбейген. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жол-көлік оқиғаларының профилактикасы туралы жиында айтылды.

Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларының салдарынан қаза болғандар саны 1,1%-ға артқан. Зардап шеккендер қатары, әсіресе елді мекендердегі жолдарда өскен. Апаттың көбі көліктегі жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу, маневр жасау ережелерін сақтамау салдарынан болған. Шілде айының өзінде өңірде үш ірі жол-көлік оқиғасы тіркелген. Барлығында қарсы бағытқа шыққан көліктің салдарынын апат орын алған.
«Жолдағы апат саны азаймай тұрғаны аян. Алайда ең бастысы – қайғылы оқиғаны болдырмаудың нақты нәтиже беретін жолдарын тауып, жүзеге асырайық. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жүргізушілер арасында жүргізу тәртібін қалыптастыру бойынша нәтижелі шаралар қабылдануы қажет. Ішімдік пен психотропты заттарды қолданып, көлік басқарған азаматтар да қайғылы оқиғаларды көбейтіп отыр. Полиция департаменті осындай жағдайларға жол бермеуі керек. Бұл бағытта жұмысты күшейтіңіздер, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Бағланбек Айтпаевтың мәлімдеуінше, облыста 430 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Күніне 25 мыңға жуық автокөлік республикалық маңызы бар жолдан өтеді.
Ал, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов жолдар мен көшелерде көлік және жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мен қолайлы қозғалысты ұйымдастыру мақсатында басқарма тарапынан 4 бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Атап айтқанда, жолдарды жөндеу, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін арттыру, жол белгілерін орнату, жол таңбалары мен жаяу жүргінші жолақтарын сызу, жолдарға жарықтандыру шамдарын орнату және аяқжолдар салу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *