ТҮЛКІБАСТА “АУЫЛ — ЕЛ БЕСІГІ” БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА 18 КӨШЕГЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Түлкібас ауданында “Ауыл — Ел бесігі” бағдарламасы аясында 3 ауылдық округке қарасты 5 елді мекен көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы 18 көшені қамтыған жоба арқылы өңірдегі инфрақұрылым саласында айтарлықтай оң өзгерістер орын алмақ.
Сонымен қатар, Майлыкент ауылдық округіне қарасты Т.Рысқұлов ауылындағы ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын Бекбосынов көшесінде де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ондағы құрылыс барысымен танысу үшін аудан әкімі Асқар Естібаев арнайы барып, мердігер мекемеге бірқатар тапсырмалар берді.
Жол жөндеу жұмыстарын “Мақтааралдорстрой” ЖШС-і жүзеге асыруда. Мердігер мекеменің мәліметінше, бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Жоспарға сәйкес, жол маусым айының соңына дейін толық пайдалануға беріледі.
Жаңартылып жатқан Бекбосынов көшесі ауыл тұрғындарының жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, көлік қатынасын да едәуір жеңілдетпек. Бұл өз кезегінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі