Кентау қаласына қарасты ауылдар көгілдір отынмен қамтылуда

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Газдандыру – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартудың маңызды тетігі», – деп атап өткен болатын.

Осыған орай еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Түркістан облысында да ауылдарды табиғи газға қосу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауыз су мен жол секілді маңызды инфрақұрылымның бір бөлігі саналатын көгілдір отын бүгінде Кентау қаласына қарасты елді мекендерге де жеткізілуде. Аталған жоба тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін болады.

Қазіргі уақытта Хантағы ауылында ұзындығы 12,3 шақырымды құрайтын, диаметрі 500 мм жеткізуші газ құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін оның 4,8 шақырымы тартылып, қалған бөлігі қазан айына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, Қарнақ ауылында ішкі орамдық газ желілерінің құрылысы қолға алынған. Бұл жобаның аясында жалпы ұзындығы 139 шақырым газ құбыры тартылмақ. Оның ішінде 108 шақырымы жер астымен, 31 шақырымы жер үстімен жүргізіледі.
Қазіргі уақытта 17,3 шақырымға құрылыс-монтаж жұмыстары орындалды.

Бұған дейін Байылдыр ауылы толықтай көгілдір отын жүйесіне қосылған болатын. Ауыл бойынша 361 абоненттің 60-ы бүгінде газға қосылған.

Жалпы алғанда, 2025 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша Кентау қаласы бойынша 18 062 абоненттің 15 560-ы, яғни 85 пайызға жуығы табиғи газбен қамтылған.

Халықтың өмір сапасын арттыруды көздейтін бұл бастамалар – Мемлекет басшысы тапсырмаларының нақты орындалып жатқанын көрсетеді. Газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, барлық ауылдық округтерді толық қамту көзделуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *