Кентауда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстары жүргізілуде
Кентау қаласында «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде Байылдыр және Қарнақ ауылдарында жол жөндеу және абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Жобалардың орындалу барысымен Қала әкімінің орынбасары Нұрбол Көкенов арнайы барып танысты.
Байылдыр ауылында 0,72 шақырым автомобиль жолы (4 көше бойынша), 2,27 шақырым тротуар (4 көше бойынша) салу жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімінің орынбасары құрылыс нысандарын аралап, жол негізіне төселіп жатқан материал құрамын тексерді. Жол төсемесінің сапасына қатысты ескерту жасап, топырақ үлесі көп екенін атап өтті.
«Материалдар құрылыс нормаларына сай келмей тұр. Бір апта ішінде нормативке сәйкес келетін материалдарды төсеуді тапсырамын», – деді Нұрбол Көкенов.
Бағдарлама аясында Қарнақ ауылында 3,65 шақырым болатын 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қала басшылығы құрылыс қарқыны мен сапасына жіті назар аударып отыр.
Мердігерге жұмыс қарқынын арттыру, өндірістік кестенің сақталуын қамтамасыз ету, жұмыстың сапасын қатаң бақылауда ұстау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, Кентау қаласы бойынша ірі жоба – Д.Қонаев даңғылының 2,35 шақырымдық автомобиль жолдарын реконструкциялау жұмыстары басталғалы тұр. Осыған байланысты қала әкімінің орынбасары мердігер, техникалық қадағалаушы және жобалаушы мекемелердің өкілдерімен техникалық кеңес өткізді.
Кеңес барысында алдағы атқарылатын жұмыс түрлері мен өндірістік кестені нақтылау және бекіту мәселелері талқыланды.
Жоспар бойынша реконструкция жұмыстары мамыр айының соңында басталмақ.