Жол-даму артериясы, жолдау-нақты бағыт
Кентау қаласы мен ауылдарында инфрақұрылым жүйелі жаңарып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Жолдауында халықтың өмір сапасын арттыру мақсатында өңірлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше басымдық берді. «Жайлы Қазақстан» ұлттық жобасы аясында жолдардың сапасын жақсарту – мемлекет саясатының стратегиялық бағытына айналуы тиіс» деп нақты атап өткен Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы бүгінде еліміздің әр өңірінде нақты іске асып келеді. Солардың қатарында Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдарда жол жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдардың жалпы жол ұзындығы 365 шақырымды, ал көшелер саны 416-ны құрады. Жыл көлемінде жүргізілген инфрақұрылымдық жұмыстар нәтижесінде жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 87,7%-ға жетті. Бұл – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, қауіпсіз әрі тиімді қозғалысқа тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіш.
Ағымдағы жылы Кентау қаласы және оған қарасты елді мекендерде жалпы ұзындығы 16,5 шақырымды құрайтын 16 нысанға орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл жобалар Шәкәрім, Байтұрсынов, Сүйіндіков, Ниязов, Жамбыл сынды қала көшелерін қамтымақ.
Екінші маңызды бағыт – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы. Президент Жолдауында бұл бағдарлама ауылдарды дамыту мен өңірлік теңгерімді қамтамасыз етудің маңызды құралы ретінде көрсетілді. Осы бағдарлама шеңберінде 8,8 шақырымды құрайтын 10 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бағдарламаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарына қаладағыдай сапалы жол инфрақұрылымын ұсыну. Сондай-ақ 2024 жылдан 2025 жылға өтпелі 5 нысанның жөндеу жұмыстары да назарда. Қазіргі уақытта Қарнақ ауылындағы жалпы ұзындығы 3,65 шақырымды құрайтын 5 көшеде – Баитов, Үйрек ата, Аз Жәнібек, Нұр, Бумын қаған көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында да жол инфрақұрылымын жақсарту қолға алынған. Мұнда Қаратау, Иманов, Торлан, Назаров, Тоқаев көшелерінде орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл – ауылдар мен шағын елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жолындағы нақты қадамдардың бірі.
Жол – тек көлік қатынасының ғана емес, өңір дамуының күретамыры. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Жолдың сапасы – халықтың күнделікті өміріндегі басты мәселе. Бұл – мемлекеттің халық алдындағы беделінің көрсеткіші», – деп атап өтті. Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдардағы жолдарды жөндеу – осы тапсырманың табысты орындалып жатқанының нақты дәлелі.
Мемлекеттік қолдаудың, нақты жоспарлаудың және жергілікті атқарушы органдардың жүйелі жұмысының нәтижесінде Кентау қаласының жол инфрақұрылымы сапалы жаңарып, тұрғындардың тұрмыс жағдайы артып келеді.