Су тасқынының алдын алу шаралары қалалық инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған

Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылдың көктемінде Кентау қаласында жауын-шашынның салдарынан су тасқыны жағдайлары орын алып, қала көшелерін су басу мәселесі туындаған болатын. Осыған орай, қалалық билік су тасқынының алдын алу үшін нақты шаралар қабылдап, осы жағдайдың қайталанбауы үшін жүйелі жұмыстар атқаруда.

Айталық, бүгінде қала аумағында 171 шақырымды құрайтын ирригациялық жүйелер (лотоктар) бар. Алдағы уақытта қала көшелерінде су тасқынының болмауы үшін осы жүйелердің жағдайы тұрақты бақылауда. Жауын-шашынның артық суын тиімді ағызу үшін ирригациялық жүйелерді күтіп-ұстау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі.

2024 жылы су тасқынының алдын алу мақсатында, қырдан келетін сулардың арналарын бұру үшін Кентау қаласының 68 кварталынан бастап, Бүргем елді мекені аралығындағы ескі арыққа арнайы тазалық жұмыстары жүргізілді. Арықтардың арналары кеңейтіліп, табандары тереңдетілді, бұл жауын-шашын кезінде артық судың ағып кетуін қамтамасыз етеді.

2023 жылы көктемде «Салиха ана» сауда орталығының аумағында су басу жағдайы орын алды. Бұл нысанның меншік иесі тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта су басу салдарынан болған зақымдар толықтай қалпына келтірілуде. Бұл шара қаладағы су тасқынының салдарын жоюға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Су тасқынының алдын алу үшін жаңа ирригациялық жүйелер салудың да маңызы зор. Бүгінде Кентау қаласының 18 нүктесінде су жиналу аймақтарын болдырмау мақсатында жаңа ирригациялық жүйелердің құрылысы басталды. 2024 жылға жергілікті бюджеттен 14 миллион теңге қаржы қаралып, жұмыстар 10 қазанда басталды. Жобаның жалпы құны 61 миллион теңгені құрайды. Бұл жобаның аясында ұзындығы 3,7 шақырымды құрайтын ирригациялық жүйелер салынатын болады. Бұл жаңа жүйелер жауын-шашын кезінде су тасқынының алдын алу үшін үлкен маңызға ие.

Қала аумағындағы «Кеншілер» саябағынан бастау алатын үлкен арықтың арналары толықтай тазартылып, ұзындығы 6,6 шақырымды құрайтын арықтардан қоқыстар алынған. Бұл арық жүйесі қаланың су ағымын реттейтін маңызды бөлік болып табылады.

Сонымен қатар, былтырғы жылға арналған жоспар бойынша, қала ішіндегі жауын-шашыннан келген сулардың арналарын бұру үшін ұзындығы 1,3 шақырымды құрайтын суағарлар (лотоктар) орнату жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар 2025 жылдың маусым айына дейін аяқталады деп жоспарланған. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қала ішіндегі су тасқынының алдын алу шаралары кешенді түрде жүзеге асырылатын болады.

Жалпы Кентау қаласының су тасқынының алдын алу бойынша қабылдаған шаралары қалалық инфрақұрылымды нығайтуға, су жүйелерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Жауын-шашыннан туындайтын су тасқынының зардаптарын болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар қала тұрғындары үшін маңызды және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *