Кентауда экономикалық ахуалды жақсартуға бағытталған жұмыстар күшейтілді

Кентау қаласы 2024 жылы экономикалық және әлеуметтік дамудың маңызды кезеңін бастан өткеріп, көптеген салаларда оң нәтижелерге қол жеткізді. Орайы келгенде қаланың алдағы жылдардағы даму стратегиясы мен міндеттерін де толығырақ қарастырып өтуді жөн көріп отырмыз.

Алдымен жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) және экономикалық өсім бойынша айтайық

Кентау қаласының жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 2024 жылы 13,5 пайызға өсті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 86,6 млрд. теңгені құрап, 2025 жылы 91,7 млрд. теңгеге жетуі жоспарланған. Бұл өсім қаланың экономикалық әлеуетінің артқанын, өндіріс пен бизнестің дамып жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар,шағын және орта бизнес те Кентау қаласының экономикалық дамуында маңызды орын алады. 2024 жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6 600 бірлікке жетті. Биыл бұл көрсеткішті 6 800 бірлікке жеткізу жоспарлануда. Ал өндірілген өнім көлемі 8 пайызға артты (2024 жылы – 13,2 млрд. теңге, 2025 жылы жоспар – 16 млрд. теңге). Бұл көрсеткіш шағын және орта бизнестің өндіріс көлемінің артқанын, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің белсенді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.

Қалада құрылыс жұмыстарының көлемі 2024 жылы 9,7 пайызға артты. Жоспар бойынша құрылыс көлемі 8,9 млрд. теңге болғанымен, 9,6 млрд. теңгеге орындалды. Бұл көрсеткіштің артқанын ескерсек, құрылыс секторындағы жетістіктер айқын байқалады. Ағымдағы жылы құрылыс көлемін 9,4 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Кентауда өнеркәсіп саласында да оң өзгерістер байқалады. 2024 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 20 пайызға артты, соның нәтижесінде 51,2 млрд. теңге көлеміндегі өнім өндірілді. Бұл жоспардан 5,1 млрд. теңгеге көп орындалған көрсеткіш болып табылады. 2025 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемін 51,4 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда. Өндірістің өсуі қала экономикасына қосымша серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететіні сөзсіз.

Өңдеу өнеркәсібінің де өнім көлемі 2024 жылы 21 пайызға ұлғайды. Өндірілген өнім көлемі 44,6 млрд. теңгені құрады. Бұл жоспардан 4,6 млрд. теңгеге көп орындалған көрсеткіш. 2025 жылы өңдеу өнеркәсібінің көлемін 44,9 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінің өсуі қаланың өндірістік қуатының артып, түрлі салалардағы өндірістік процестердің оңтайландырылғанын көрсетеді.

Инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетейік.

2024 жылы қалаға негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 29,5 млрд. теңгені құрады. Инвестиция — экономикалық өсімге әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан, 2025 жылы инвестиция көлемін 60 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін қаржыландыру көздерін көбейту мен инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыру қажет екені сөзсіз.

Кентау қаласы 2024 жылы көптеген салаларда оң нәтижелерге қол жеткізіп, экономикалық өсімді қамтамасыз етті. Жалпы өңірлік өнім, шағын және орта бизнес, құрылыс, өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы өсім қала экономикасының тұрақты дамуын көрсетеді. Алдағы жылдарда бұл көрсеткіштерді жоғарылату мақсатында жүйелі шаралар қабылданып, экономикалық ахуалды жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын табуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *