ДЕМОКРАТИЯ САЙЛАУДА БАЙҚАЛАДЫ

Қазіргі Жаңа Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сайлау және басқару жүйесінде ауқымды реформа осыдан 4 жыл бұрын басталды. Бұл өзгерістер елдің саяси жүйесін демократияландыруға және азаматтардың басқару процесіне қатысуын арттыруға бағытталған.

2021 жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Біз осында тек әкімдерді сайлау бөлігіне тоқталайық. Заң бойынша аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімін тікелей сайлау енгізілді.

Енгізілген өзгерістер:

аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкіміне үмткерлік ұсыну: өзін-өзі ұсыну тәртібі (тиісті қалада немесе ауылдық округте тұратын сайлаушылардың кемінде бір пайызының қолдау үшін қол жинау арқылы); саяси партияларда өз мүшелері арасынан; егер ұсыну мерзімінің соңында екіден кем үміткер ұсынылған жағдайда, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі үміткер ұсынады.

үміткерлерге қойылатын талаптар: Қазақстан азаматы; жасы — 25 жастан кіші емес; осы лауазымға қойылатын білік талаптары; барлық мемлекеттік қызметкер үшін жалпы шектеулер, мысалы, соттылық, жұмысқа қабілетсіздік;

үміткердің заңнамада белгіленген ең төмен жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізуі;

сайлау 40 күн бұрын жарияланады, ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау науқанының мерзімі 30 күн.

Демократиялық сайлау – халықтың саяси мәдениетін дамыту мен нығайтудың маңызды құралы. Ол азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, олардың мемлекеттік басқару процесіне қатысуына мүмкіндік береді. Саяси мәдениетті арттыру жолдарын былайша қарастыруға болады:

  1. Сайлау процесінің ашықтығы мен әділдігі.
  2. Азаматтардың саяси білімін арттыру.
  3. Жастардың сайлау процесіне қатысуы.
  4. Саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың рөлін күшейту.
  5. Дебаттар мен пікірталастар мәдениетін дамыту.

Аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау жүйесі толық күшіне енді, бұл басқару процесінің ашықтығын және сайланған азаматтардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Ауыл әкімдерін сайлау – жергілікті басқаруды демократияландырудың маңызды бөлігі. Қазақстанда ауыл әкімдерін сайлау жүйесі енгізілгеннен бері, халықтың саяси белсенділігі біртіндеп артып келеді. Алайда, сайлау процесінде шынайы тартыстың болуы – халықтың қызығушылығы мен сенімін арттыратын негізгі факторлардың бірі. Егер ауыл әкімдерін сайлау шынайы бәсекеге негізделіп, әділ өтетін болса, халықтың оған қатысу белсенділігі артады. Бұл өз кезегінде жергілікті басқарудың сапасын жақсартып, ауылдардың дамуына серпін береді.

Ауылдық жерлерде әкімдердің жұмысы халықтың қажеттіліктеріне қаншалықты сәйкес келетінін анықтайтын басты фактор – жергілікті қоғамдастықтың белсенділігі. Қоғамдастық ауыл әкімін сайлауда шешуші рөл атқарады, өйткені ол билік пен халық арасындағы байланысты нығайтады және әкімнің есептілігін қамтамасыз етеді. Ауыл әкімі жанындағы қоғамдастық – жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі элементтерінің бірі. Ол сайлау процесінің әділдігін қамтамасыз етіп қана қоймай, сайланған әкімнің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға көмектеседі. Қоғамдастықтың белсенділігі артқан сайын, ауылдағы басқару сапасы жақсарып, жергілікті мәселелер тиімді шешіледі.

Тағы бір айта кетерлік жәйт елімізде байқаушылар институтын қалыптасты. Байқаушылар институты – сайлау процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ететін маңызды демократиялық құрал. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан алдымен көппартиялық сайлау жүйесін енгізді. Ол кезде байқаушылар көбінесе халықаралық ұйымдар тарапынан келді (ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ және басқа ұйымдар). Ішкі бақылау механизмі әлсіз болды. Одан кейін Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері сайлау процестерін бақылай бастады. «Тәуелсіз байқаушылар» қозғалысы пайда болды. Сайлау туралы заңнама бірнеше рет өзгертіліп, байқаушылардың құқықтары кеңейтілді. Азаматтық бақылау күшейді. Олардың жұмысына шектеулер азайды. Қазір азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігі артып, сайлауларда бақылау күшейіп отыр.

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау — олардың халық алдындағы есептілігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңадан сайланған әкімдерге жергілікті қоғамдастықпен тығыз байланыс орнатып, әлеуметтік желілерде белсенді болу, тұрғындармен тікелей кездесулер өткізу және ауылды дамыту жоспарларын бірлесіп әзірлеу керек. Бұл іс-шаралар әкімдердің өз қызметінде ашықтықты қамтамасыз етуіне ықпал етеді. Дегенмен, әкімдердің ашықтығы мен есептілігін одан әрі арттыру үшін тұрақты қоғамдық тыңдаулар өткізу, жергілікті мәселелерді шешуде тұрғындардың пікірін ескеру және қабылданған шешімдер туралы ақпаратты қолжетімді ету сияқты қосымша іс-шараларды жүзеге асыру қажет. Ауыл әкімі егер халықпен ашық диалог жүргізсе, өз міндеттерін адал орындаса және ауылдың дамуы үшін нақты қадамдар жасаса – онда ол ел алдында болады. Бұл оның беделін арттырып қана қоймай, тұрғындардың сенімін күшейтеді және ауылдың өркендеуіне жол ашады.

Қазіргі күнде Сайрам аудандық аумақтық  сайлау комиссиясының 7 мүшесі бар. Және 89 сайлау учаскесінде   жалпы  655 комиссия мүшелері  жұмыс істейді. Ауданға қарасты 11 ауылдық округте 89 сайлау учаскесі (оның ішінде 4 жабық сайлау учаскесі, 3 аудандық ауруханаларда, 1 аудандық полиция басқармасының тергеу изоляторында) орналасқан. Ал қалған 85 учаскелік сайлау комиссиясының  80-і Сайрам аудандық  білім бөліміне қарасты жалпы орта мектептердің ғимаратында 3 сайлау учаскесі мәдениет клубтарында және 1 учаске балалар бақшасында, 1 учаске жасөспірім балаларға арналған спорт мектебінде. 2025 жылғы қаңтар  айындағы «АИС сайлау» бағдарламасының мәліметтеріне  сәйкес Сайрам ауданында сайлаушылар саны 138 414 адамды құрап отыр. Былтыр Қазақстан Республикасының АЭСке қатысты референдумын өткізу науқанында қарсаңында Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында учаскелік сайлау комиссиясы төрағалары және хатшыларының қатысуымен 4 рет семинар өтіп, 635 қомиссия мүшесі қамтылды. Сонымен қатар 2024-2025 жыл аралығында өткен  ауыл әкімдерін сайлау науқанында сайлау комиссияларының қатысуымен 41 учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерімен «Сайлау күнгі учаскедегі жұмыс тәртібін талқылау туралы» тақырыбында 9 семинар ұйымдастырылып, оған 361 комиссия мүшесі қамтылды. Былтыр Сайрам ауданында 4 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті.

Рас, халық дұрыс айтады: «Жағдайың түзелсін десең, әкіміңді дұрыс таңда!» Себебі, әкімді сайлау халықтың ерік-жігерін білдіреді, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының анық белгісі.

Сәбит РЕМЕТОВ, Сайрам аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *