Көпбалалы аналарға қызмет көрсетеді

Түркістан облысында отбасын қолдауға, нығайтуға және қорғауға бағытталған «Отбасын қолдау секторлары» қызметі іске қосылған. Секторлар облыстың 10 аудан, қаласында ашылды. Бұл саладағы мәселелер облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауына алынған.

Аталған орталықтар Отырар, Жетісай, Сайрам, Сарыағаш, Сауран, Қазығұрт, Шардара, Келес аудандары мен Түркістан, Арыс қалаларында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жанынан ашылған. Онда аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарға психологиялық қолдау, құқықтық көмек көрсетіледі. «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу» секторлары арқылы азаматтарға психологиялық сүйемелдеу, кеңес беру, бағдарлау қызметтері көрсетіліп келеді. Жыл басынан бері аталған бағытта 348 арнайы іс-шара ұйымдастырылып, жалпы саны 2 658 адам қызметтермен қамтылған. Оның ішінде 565 адам тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша жүгінген.

Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, Әсия Темірбаеваның мәлімдеуінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға «Отбасын қолдау орталықтарында» бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігі беріледі.

– Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу бағытында жұмыс істейтін «Сенім-ай» Қоғамдық бірлестігі, «Жігерлі жүрек» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 2017 жылдан бастап, басқарма тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде қызмет көрсетіп келеді. Бұл орталықтардың сыйымдылығы 50 адамға шақталған. 2024 жылдың 5 айында секторларда өмірлік қиын жағдайдағы 1 396 адамға оның ішінде аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарға қызмет көрсетілген, – дейді басқарма басшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *