Жас маман Жанар жемісті еңбек етіп келеді
Сағынтаева Жанар Қайратқызы Жетісай ауданы, Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа ауыл ауылында дүниеге келген. Жанар Қожа Ахмет Яссауи атындағы №22 жалпы орта мектепті аяқтаған соң Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан техникалық университетіне оқуға түсіп, қолына диплом алған болатын. Ол еңбек жолын “Жастар практикасы” бағдарламасы аясында өзі білім алған мектептен бастаған болатын.
Қазіргі таңда Жанар Қайратқызы Жетісай аудандық “Тілдерді дамыту орталығында” басшы орынбасары қызметінде жемісті еңбек етуде.
Айта кетейік, облыс әкімінің осы жылдың ақпанында бекіткен «Өңірді жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Атап айтқанда, 108 мың адамды тұрақты және уақытша жұмыс орындарына, 3,7 мың адамды Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар арқылы ашылатын жұмыс орындарына жолдау, сонымен бірге 7,2 мың адамға грант немесе шағын несие беру көзделген. Тиісінше, 1 тамыздағы статистикаға сәйкес 68,5 мың түркістандық жұмыспен қамтылып, жоспар 58 пайызға орындалған. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, 31 мың адам тұрақты, 37,5 мың адам уақытша және 1,5 мың адам Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар бойынша ашылған жұмыс орындарымен қамтылған.
Өңірде Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар негізінде 400-ге тарта ин- фрақұрылымдық жобаларды іске асырып, 3 600-ден астам жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінге дейін оның 227-сі қолға алынып, 1500-ден аса жұмыс орны құрылыпты. Ал, «Еңбек» бағыты бойынша 2024 жылы 85,4 мың азаматты жұмысқа жолдау жоспарланып, 7 ай ішінде 44,6 мың адам жұмысқа орналасқан. Одан бөлек 31 мыңнан аса адамды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау көзделіп, 25 570 адам жұмысқа кірісіп кеткен. Кәсіп бастауға ниет білдірген 1783 адамға грант беріліп, 2 570,9 млн. теңге игерілген. Сонымен бірге, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 7 аудан мен қаланың 120 тұрғынына пилоттық жобаларды жүзеге асыру үшін грант тағайындалған.