Түлкібаста жаңа медиа студия ашылды

Түлкібас ауданында бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына тың серпін беретін қуанышты жаңалық орын алды. Аудан әкімі Асқар Сұлтанұлы Естібаевтың бастамасымен және қолдауымен аудандық «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы жанынан жазушы, қоғам қайраткері Мархабат Байғұттың есімімен аталатын «Түлкібас медиа студиясы» салтанатты түрде ашылды.

Аталмыш шараға Түркістан облыстық Журналистер одағы филиалының төрағасы М. Дәулетов, белгілі қаламгер, публицист Ә. Әссанди, облыстың бірқатар жетекші журналистері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

94 жылдық тарихы бар басылымның қара шаңырағында құрылған бұл студия – аудан үшін тарихи әрі тың бастама. Медиа кеңістіктегі жаңа леп ретінде ашылған орталық заманауи талаптарға сай техникалармен, жоғары сапалы дыбыс жазу құрылғыларымен және арнайы студиялық жабдықтармен толық жабдықталған.

«Түлкібас медиа студиясы» — тек жаңалық таратып қана қоймай, ел ішіндегі елеулі оқиғаларды, тұлғалы азаматтардың тағылымды тағдырларын, қоғамдық ойды қозғайтын мәселелерді тереңнен қозғайтын аудио-подкасттар, бейнежазбалар мен эксклюзивті сұхбаттар дайындауға бағытталған алаң болмақ. Мұнда кәсіби тілшілер мен телеарнада тәжірибе жинаған операторлар жұмыс істейді.

Студия жанынан фотостудия да іске қосылып, бұқаралық іс-шаралар мен портреттік түсірілімдерге жол ашылмақ.

Мұндағы дайындалған контенттер газетпен қатар, YouTube платформасы, әлеуметтік желілер мен арнайы веб-сайттар арқылы кеңінен таратылады.

Студия жетекшілігінің айтуынша, бұл бастама – ақпарат таратуда жаңа форматтағы тың қадам. Яғни, бұрын тек оқып келген тұрғындар енді тыңдай да, көре де алады. Бұл – ақпараттың әртүрлі жолмен жеткізіліп, әрбір оқырманның, тыңдарманның, көрерменнің қажеттілігіне бейімделуін білдіреді.

Жаңа медиа кеңістігіндегі бұл қадам — Түлкібастың шығармашыл жастары мен кәсіби мамандары үшін үлкен мүмкіндік әрі жаңа белес. Ендігі міндет — сапалы контент жасап, тың идеялармен елге ой салу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *