Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жалпы жағдайы
Екінші дүниежүзілік соғыс (1939-1945) адамзат тарихындағы ең ірі соғыстардың бірі болып саналады. Адольф Гитлер және оның сыбайластары фашистік соғыс машинасы Вермахттың күшімен КСРО елін құртуды мақсат етіп 1941 жылы 22 маусымда Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасады. 1941 ж. 30 маусымда КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті Президиумының Указымен 14 әскери округ территориясында мобилизация жарияланды. Жеңіске қазақ халқыныңда қосқан үлесі аз емес. Бұл зұлматта 1 млн. 360 мың қазақстандық Қызыл Армияның қатарында елін қорғауға аттанды. Олар фашисттермен қарсы күресте жан аямай ерлік көрсетті, мындаған қазақстандықтар майдан даласынан қайтып келмеді.
Осы тұста Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайыда мәз емес еді. Жалпы соғыс жылдары кесенені сақтап қалу немесе оның тарихын зерттеу мақсатында ешқандай маңызды жұмыстар жасалмады. Соғыс басталған соң кесенедегі барлық жұмыс тоқтап қалды.
Кесенені қалпына келтіру және оның тарихын зерттеуге арналған арнайы іс-шаралар соғысқа дейінгі кезеңде жасалды. 1930 жылдың аяғында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен Республикалық қорық және көне ескерткіштерді қорғау басқармасы Түркістан тарихи ескерткішін жөндеу және қалпына келтіру жөнінде арнайы бөлім құрылып, оны техник-құрылысшы И.З.Поляков басқарды. Қалпына келтіру жұмыстарының ғылыми кеңесшісі әрі жетекшісі болып Б.Н.Засыпкин тағайындалды. 1939-40 жылдар арасында кесененің жоғалған декорациялық фрагменттерін қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бірақ бұл жұсыстар толығымен емес, тек жартылай және таңдамалы түрде ғана жасалды. Қазандықтың күмбезі кесене маңында жасалған шағын кірпіштермен қапталып, көптеген жылдар бойы жауын-шашыннан қорғауды қамтамасыз етті. Дәл осы кезеңде Мәскеу Сәулет Институтының студенттері Қазандық бөлмесіндегі сталактиттердің өлшемдері мен эскиздерін бастады, бірақ бұл жұмыс аяқталмай қалды. Қалпына келтіруге көмектесу үшін Самарқанд қаласынан Кули Жалилов есімді ұста шақырылды. Сол кезеңдегі жөндеу жұмыстарына сонымен қатар қабырғалардың парапеттерін қалпына келтіру, суағарларды орнату және шатырға апаратын баспалдақтарды қайта салу кірді. 1939 жылдың 18-26 желтоқсан аралығында кесене күмбезінің астыңғы құрылыстарына егжей-тегжейлі зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Соғыстан кейінгі кезеңде, дәлірек айтсақ 1949 жылы, тарихи ескерткішті зерттеу мақсатында кесенеде екі археологиялық шұңқыр (шурф) қазылды. Тек 1952 жылдан бастап Х.А.Ясауи кесенесінде арнайы ғылыми бағдарлама аясында сәулеттік, археологиялық және инженерлік зерттеу жұмыстары басталды.
Марина Искакова,
«Әзірет Сұлтан” ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсоводы